Каспий теңізіндегі Иранның сауда кемесіне жасалған шабуылдан кейін Тегеран мен Киев арасындағы дипломатиялық шиеленіс күшейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран Украина қарулы күштерін Каспий теңізіндегі Иранның сауда кемесіне шабуыл жасады деп айыптады. Тегеранның дерегі бойынша, оқиға салдарынан экипаждың бір мүшесі қаза тауып, біреуі жараланған.
Иран Сыртқы істер министрлігі бұл қадамды Украинаның Ислам Республикасына қарсы бағытталған кезекті дұшпандық әрекеті ретінде бағалады.
Украина президенті Владимир Зеленский ел әскерінің Каспий теңізіндегі әскери мақсаттағы нысандарға, соның ішінде Ираннан әскери жүк тасымалдаған кемелерге қарсы сәтті операция жүргізгенін растады.
Осы оқиғадан кейін халықаралық ақпарат құралдарында АҚШ әкімшілігінің ұстанымы туралы мәлімдемелер пайда болды. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, америкалық Chevron корпорациясының басшылығы Ақ үйге Ресейге тиесілі емес мұнай тасымалдаушы кемелерге жасалған шабуылдардың энергетикалық қауіпсіздікке кері әсер ететінін жеткізіп, алаңдаушылық білдірген. Осыған байланысты Вашингтон Украинаға мұндай кемелерге соққы жасамау қажеттігін ескерткен.
Бұл геосаяси қақтығыс Қазақстан үшін де үлкен маңызға ие. Chevron компаниясы «ҚазМұнайГаз», ExxonMobil және Lukoil компанияларымен бірге Қазақстандағы ірі теңіз кен орнын игеруге қатысады. Бұл кен орнынан өндірілетін мұнайдың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа экспортталады, ал Chevron аталған консорциумда 15 пайыздық үлеске ие.
Украинаның бұл шабуылы Каспий теңізінің бұрынғы қауіпсіз аймақ мәртебесіне әсер етіп, оны жаңа қақтығыс алаңына айналдыруы мүмкін.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бұл оқиғаны Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калласпен талқылады.
Ведомство мәліметінше, Арақчи аталмыш шабуылды қатаң айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен, ЕО-дан және халықаралық қауымдастықтан бұл оқиғаға қатысты нықты жауап қайтаруды талап етті. Сондай-ақ ол кінәлі тараптар мен Украинаға қолдау көрсетіп отырған елдер жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Тегеран билігі Ресей мен Украина арасындағы соғысқа ешқашан тікелей араласпағанын қуаттады.
Сонымен қатар, Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибраһим Азизи Каспий теңізінде Иран кемесіне жасалған Украина шабуылына қатысты пікір білдіріп, Киевтің көп ұзамай Иранның өзіне қарсы жасалған ешбір әрекетті жауапсыз қалдырмайтынын түсінетінін мәлімдеді. Азизи бұл мәлімдемесін X әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
Айта кетейік, Украина бұған дейін Ресейдің мұнай инфрақұрылымы мен танкерлеріне қарсы, соның ішінде Новороссийск маңындағы Қара теңіз акваториясындағы Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады.
Шабуыл салдарынан өрт шығып, оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін тасымал уақытша тоқтатылды.
Осыған орай, Қазақстан Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы маңызды энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды қатаң айыптап, мұндай әрекеттердің жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасап, бұл оқиғаны Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғу және заңды халықаралық сауданы тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекет ретінде бағалады. Ведомство шабуылдарды дереу тоқтатып, қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп, серіктес мемлекеттерді бірлескен шаралар қабылдауға шақырды.


















