Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранға қарсы әрекетін тек экономикалық соғыс емес, кешенді шабуыл деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, АҚШ-тың Иранның ішкі істеріне қатысты интервенциялық ұстанымын қатаң сынады.
Мәлімдемеде АҚШ үкіметінің Иранға қарсы қазіргі іс-қимылдары тек экономикалық соғыс қана емес, сонымен бірге психологиялық соғыс, ақпаратттық науқан, жалған ақпарат тарату, әскери интервенциямен қорқыту, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен терроризмге итермелеудің кешені екені атап көрсетілген.
Иран СІМ мәлімдемесінде былай деп жазылған: «Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ басшыларының Ирандағы ішкі оқиғаларға қатысты арандатушылық және жалған мәлімдемелерін айыптап, мұны АҚШ үкіметінің Иран халқына қастандық ниетінің айқын белгісі санайды. Мұндай ұстанымдар Иран халқына жаны ашығандықтан емес, елде бейберекеттік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіруді көздейтін барынша қысым саясаты мен ішкі істерге араласудың жалғасы болып табылады».
Министрлік Иран Ислам Республикасы Конституцияда бекітілген принциптерге сәйкес бейбіт наразылықтарды ресми танитынын және халықтың заңды талаптарын заң аясында қарастыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын қуаттады. Сонымен қатар, экономикалық қиындықтардың басым бөлігі АҚШ-тың заңсыз және қатыгез санкциялары арқылы Иран халқына қарсы жүргізіп отырған экономикалық-қаржылық ауқымды соғысының салдары екені баса айтылды.
Иран Ислам Республикасы АҚШ-тың ирандықтарға қарсы ұзаққа созылған дұшпандық тарихын, соның ішінде 1953 жылғы мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырудан бастап, сегіз жылдық таңған соғыста Ирактың Баас режимін қолдауын, 2025 жылғы маусымдағы қылмыстық шабуылда сионистік режиммен серіктес болуы мен заңсыз санкциялар қолдануын еске сала отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдардың халықаралық құқықтың іргелі принциптерін қорғаудағы, әсіресе мемлекеттердің ұлттық егемендігін құрметтеу мен тәуелсіз елдердің ішкі істеріне деструктивті араласудан аулақ болудағы маңызды жауапкершілігін баса айтты.
Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ әлемдік қауымдастықтың АҚШ-тың Иран халқына қарсы біржақты мәжбүрлеу шаралары мен экономикалық санкцияларының заңсыз және адамзатқа қарсы сипатына баса назар аударуы қажеттігін еске салып, санкциялар ирандықтардың адам құқықтарына, күн көрісі мен күнделікті өміріне тікелей соққы беретіндіктен, адамзатқа қарсы қылмыстың айқын үлгісі болып табылатынын мәлімдеді.
Мәлімдемеде сондай-ақ: «Иран халқы өзінің сан қилы тарихында сан рет дәлелдегендей, қырағылық танытып, өзінің ирандық-исламдық төл мұрасына сүйене отырып және ұлттық бірлікті нығайту арқылы шетелдік интервенцияларға қарсы тұрады. АҚШ-тың алдау саясаты мен қастандық әрекеттерінің Иранның ұлттық егемендігіне, тәуелсіздігі мен ар-намысына нұқсан келтіруіне жол бермейді», — деп жазылған..















