Иран Сыртқы істер министрі Сейіт Аббас Арақчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Иранның аймақта соғыс пен шиеленістің ушығуын қаламайтынын, керісінше дұшпанның кез келген сценарийіне дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Mehr ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында аймақтағы өзгерістерге қатысты елінің ұстанымдарын білдірді.
Арақчи сұхбатта Иранның аймақта соғыс пен шиеленісті арттыруды көздемейтінін, дегенмен дұшпандардың кез келген сценарийіне дайын екенін баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрі: «Израильдіктер біздің ерік-жігерімізді сынай алады. Біз шабуылдың қандай болатынын көріп, соның негізінде біз жауап беру сипатын анықтау үшін оны мұқият қарастырамыз. Израиль кең масштабты соғысты қалап, басқа елдерді де осы соғысқа тартуда. Иран жаппай соғысты қаламайтын жалғыз ел емес, бірақ бұл соғыстың апатты сипатын барша біледі.
Қарсыласу қозғалысы Израиль режиміне қарсы реакция білдіре алады. Нетаньяху Газадағы соғысының мақсатына, яғни ХАМАС-ты жоюға қол жеткізген жоқ. Ливанда да дәл осындай жағдайға ұшырайды.
Біздің қарсыласу қозғалысын қолдауымыз саяси және дипломатиялық тұрғылармен шектелмейді. Біз оларды қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етеміз. Біз қарсыласуды қолдауды ешқашан тоқтатпаймыз. Мен Бейрутте Иранның қарсыласуды ешқашан қолдаудан бас тартпайтынын жарияладым.
Бейруттағы кездесулерім байыпты және жақсы болды. Ешқандай шиеленіс болған жоқ. Біз Ливан үкіметі мен қарсыласуының шешімдерін қолдаймыз.
Біз атысты, қылмыстарды, өлтіруді және қиратуды тоқтату туралы ақылдастық. Шиеленістің өршуіне аймақтың ірі елдері ықпал ете алады. Сауд Арабиясының аймақтағы рөлі ерекше. Қатар да ықпалды ел. Біз осы екі елмен соғысты тоқтату жөнінде кеңесіп жатырмыз.
Америкамен басқа елдер арқылы дипломатиялық арналар ашық. Біз жанама түрде пікір алмасамыз.
Әлемнің Ливан мен Газадағы оқиғаларға көңіл бөлуі осы байланыстардың ең маңызды нәтижесі болып табылады. Бұл дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу қажеттігі туралы келісім бар», — деді.
















