Иран СІМ басшысы Аббас Арақчи Ливанда жаңа Үкімет құруда ұлттық келісімді сақтаудың маңыздылығын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Аббас Арақчи БҰҰ-ның Ливан бойынша арнайы үйлестірушісі Жанин Хеннис-Пласшаертпен кездесуінде мәлімдеді.
БҰҰ-ның Ливан бойынша арнайы үйлестірушісі Жанин Хеннис-Пласшаерт Ливандағы қазіргі жағдайға қатысты ирандық жоғары лауазымды тұлғалармен кеңесу үшін Тегеранға келген сапарында Арақчимен келіссөз жүргізді.
Арақчидің айтуынша, Ливандағы қазіргі жағдай мен Хезболла қозғалысының әрекеттері 2006 жылғы 33 күндік соғыс пен Израиль басқыншылығынан кейінгі оқиғаларды еске түсіреді. Иран СІМ басшысы Израиль режимінің қылмыстарына қарамастан, Хезболла қозғалысы елінің саяси үдерістеріндегі ықпалын сақтап, оны күшейтіп жатқанын айтты.
Иран Сыртқы істер министрі Израильдің атысты тоқтату режимін бірнеше рет бұзуын үлкен қауіп деп сипаттады.
Ол басқыншылықты тоқтату және Ливанның басып алынған аумақтарынан әскерлерді дереу шығару үшін Израиль билігіне қысым көрсетуде БҰҰ-ның белсенді рөлі қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар, Арақчи босқындарға гуманитарлық көмек көрсетуді жеделдетіп, зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге шақырды.
Кездесу барысында Пласшаерт Ливан мен аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Иранның маңызды рөлін айтып, өзінің аймақтық және халықаралық кеңесулері туралы баяндады.
Ол тараптардың атысты тоқтату келісімін сақтау жөніндегі міндеттемесі арқылы тұрақты бейбітшілік пен зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ қираған аумақтарды қалпына келтіру үшін жағдай жасауға болатындығына үміт білдірді.

















