Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Армения Президенті Ваагн Хачатурян 15 қазан күні елімізге ресми сапармен келеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында саяси, сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективалары талқыланады.
Сондай-ақ, тараптар өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Ваагн Хачатурян 2022 жылғы 13 наурыздан бері Армения Республикасының Президенті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы сәуірдің 15 күні Ереванға ресми сапармен алғаш рет барғанда кездесудің соңында Ваган Хачатурянды Қазақстанға келуге шақырған болатын.
Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық байланыс 1992 жылғы 27 тамызда орнатылды.
Қазақстан Республикасында Армения Республикасының Елшілігі 1992 жылғы қазан айынан бастап, Армения Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігі 2007 жылғы 1 наурыздан бастап жұмыс істейді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастыққа негізделген Қазақстан мен Армения қатынасында тауар айналымы 2023 жылы 23 пайызға артты.













