Иран Ислам Республикасының Еревандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Меһди Собхани Арменияның “Достық” орденімен марапатталды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян кеше, 15 қыркүйек күні дипломатиялық миссиясын аяқтап жатқан Иранның Еревандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Меһди Собханимен кездесіп, “Достық” орденін табыстады.
Арарат Мирзоян Елші Собханидің дипломатиялық миссиясы біршама қиын кезеңде болғанымен, осы уақыт ішінде екі ел қиындықтарды жеңіп қана қоймай, нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап айтты.
Кездесу барысында тараптар Армения мен Иран арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту бойынша ағымдағы және болашақ жұмыстарды талқылап, өзара қызығушылық тудыратын бірқатар сала жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, Арарат Мирзоян мен Меһди Собхани екі ел арасындағы ынтымақтастық екі халық арасындағы достыққа және аймақтық бейбітшілік үшін маңызды қағидаттарды сөзсіз құрметтеуге, негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністікке негізделгенін қуаттады.
Министр Мирзоян Армения мен Иран арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Елші Меһди Собханиге “Достық” орденін табыс етіп, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Айта кетейік, Меһди Собхани 12 қыркүйек күні Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянның қабылдауында болды.


















