Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльге көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Табиғат апаты салдарынан болған орны толмас қайғыға ортақтасып, Сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Зардап шеккен жандардың тез арада сауығуын, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына оралуын тілеймін», – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетсек, Оңтүстік Кореяның орталығында тоқтаусыз жаңбыр жауып, соңы алапатқа су тасқыны мен лай көшкініне ұласқан еді. Салдарынан 37 адам қаза тауып, 10-нан астам адам із-түзсіз жоғалып кетті. Елде 9 шілдеден бері толассыз жауған жаңбыр салдарынан билік бес мыңға жуық адамды эвакуациялауға мәжбүр болған. Бір аптаға жуық уақыттан бері мыңдаған үйде электр жарығы сөнген. Табиғи апатқа байланысты елдегі 200-ден астам жол жабық тұр. Теміржол қозғалысы да тоқтаған.
Маусым айында басталып, тамыз айының басында аяқталатын жаңбырлы маусым Оңтүстік Кореяда жыл сайын орын алады. Алайда биылғы жылы су тасқынынан қайтыс болғандардың саны әдеттен тыс жоғары. Экологтар мұны жаһандық жылынумен байланыстырады.



















