Ауғанстан билігі инвестиция салушы елдерге жағдай жасап, бизнесті жүргізу үшін түрлі артықшылық ұсынуға дайын.
Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Иран және Түркия елдеріндегі компаниялар Ауғанстандағы тау-кен және энергетика саласында инвестиция салуды жоспарлап отыр.
«Талибан» қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид TOLOnews телеарнасына берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады.
Забиулла Муджахидтың айтуы бойынша, Ауғанстан қазіргі таңда кейбір компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр, ал кейбір компаниялар жұмысқа кірісіп кеткен.
Еске сала кетсек, былтырғы жылы Астанада өткен қазақ-ауған іскерлік форумы аясында Ауғанстан делегациясы бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіді.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи ниеттер туралы хаттамаға қол қойды.
Сондай-ақ, Серік Жұманғариннің Кабулға барған сапарында Қазақстан Ауғанстанда сауда үйін ашуға келісті.













