Ауғанстанның Герат провинциясында босқындар отырған автобус ірі жол апатына ұшырап, ондаған адам қаза тапты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Герат қаласының Ақпарат және мәдениет бөлімінің басшысы Ахмадулла Моттақи мәлімдеді.
Ахмадулла Моттақидың айтуынша, Ираннан депортацияланған босқындар отырған автобус мотоцикл мен жүк көлігіне соқтығысқаннан кейін өртеніп кеткен. Оқиғадан 71 адам, оның ішінде 17 бала қаза тапты.
Оқиға кеше, сейсенбі күні кешке болған. Бұл Ауғанстанда соңғы күндері тіркелген ірі апаттардың бірі.
Иранда заңсыз жүрген Ауғанстан азаматтарын депортациялау 2023 жылы басталды.
Мұның алдында Иранның Ішкі істер министрі Ескандар Момени қазіргі уақытта 1,2 миллион Ауғанстан азаматы еліне қайтарылғанын және екі миллион заңсыз босқынды біртіндеп еліне қайтару күн тәртібінде тұрғанын айтты.


















