Қазақстан мен Вьетнам екі ел арасында визасыз режим орнатуға келісті. Оған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары бекітіліп, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам еліне ресми сапары аясында ел Президенті Во Ван Тхыонгпен жүргізілген келіссөз барысында қол қойылған келісімдердің бір парасы осындай.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы бұл келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірген.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланған.
«Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді.
Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізген.
2022 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асса, биылғы 6 айдың өзінде 600 миллион долларды құраған. Жыл соңына дейін осы маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.



















