Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 12 желтоқсанда Бухарестке алғашқы ресми сапармен келіп, Румынияның Сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен келіссөздер өткізді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша Қазақстан мен Румынияның сыртқы саяси ведомстволары басшылары кездесуінің негізгі тақырыптарын саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ өңірлік және жаһандық негізгі мәселелер құрады.
Екі елдің СІМ басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және цифрландыру салалары перспективті бағыттар ретінде белгіленді.
Тараптар барлық деңгейдегі байланыстарды жандандыруға және халықаралық құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделілігін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі министрдің Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, меморандумдарға қол қойылды.
Румыния – Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі.
Айта кетейік, бұл ҚР Сыртқы істер министрінің екіжақты қатынастар тарихындағы Бухарестке алғашқы ресми сапары саналады.



















