Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың биылғы жылға жоспарланған Қазақстан Республикасына ресми сапарына дайындықтың маңыздылығын екі елдің сыртқы істер министрлері талқылады.
КР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 2024 жылғы қаңтардың 29 күні Бішкекте Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев пен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу келіссөз өткізді.
Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары тар және кеңейтілген құрамда саяси, сауда-экономикалық, су-энергетика салаларындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық, қырғыз-қазақ қатынастарының жай-күйі мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылап, мәдени-гуманитарлық салаларда екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылы туралы пікір алмасты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевтың шақыруымен 2024 жылғы қаңтардың 28 күні Қырғызстанға ресми сапармен келді.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қабылдады.



















