Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 2023 жылғы 17-22 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласындағы 78-ші сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады.
Бұл туралы Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияров брифингте хабарлады.
Қазақстан СІМ басшысының БҰҰ желісі бойынша көпжақты іс-шараларға қатысуы, сондай-ақ Америка, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Өркениеттер альянсының Бас хатшыларымен екіжақты кездесулер жоспарлануда.
Оған қоса, БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (Азия Кеңесі, АӨСШК) Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуі өтеді.



















