Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталуымен жүк айналымы қосымша 20 млн тоннаға артады.
Бұл туралы ақпарат торабының тілшісі Ukimet сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бүгін, 21 желтоқсанда телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты.
Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты-Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.
Бақты-Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Бақты-Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді.
Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.



















