Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы ұйымның Сенім грамоталары жөніндегі комитетінің шешімін мақұлдап, Ауғанстанның орнын «Талибанға» бермей, осы ұйымдағы Ауғанстанның тұрақты өкілдігінің тағдырын кейінге шегерді.
БҰҰ Бас ассамблеясының қорытынды шешімінде Ассамблеяның төрағалығы Сенім грамоталары жөніндегі комитетке Мьянма мен Ауғанстанның сенім грамоталарын бағалауды болашаққа қалдыруды ұсынғаны жазылды.
Бұл шешім дүйсенбі, 18 желтоқсан күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында қарар қабылдау арқылы жарияланды.
Ұйымның мәліметі бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сенім грамоталары комитетіне Ауғанстанның тұрақты өкілдігіне қатысты екі түрлі өтініш келіп түскен: біреуі биылғы жылдың тамыз айында Ауғанстанның осы ұйымдағы тұрақты өкілдігінің басшысы Насир Ахмад Фаиктен, екіншісі қыркүйек айында «Талибанның» Сыртқы істер министрлігінен.
Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының Ауғанстанның тұрақты өкілінің орнын тәліптерге беру шешімін осымен үшінші рет кейінге қалдыруы саналады.
Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанның осы ұйымдағы орнын тәліптерге беруден екі рет бас тартты.
2021 жылдың желтоқсан айында БҰҰ-ның Арнайы комитеті Ауғанстанның БҰҰ Бас ассамблеясындағы орнын «Талибанға» бермеуге бірінші рет шешім қабылдады. Алайда «Талибан» қозғалысының өкілдері бұл шешімді әділетсіз деп атады.
БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Роза Отунбаева «Талибанның» Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы үшін міндетті шартының Ауғанстан ратификациялаған БҰҰ-ның келісімдерінде белгіленген халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау болып қала беретінін баса айтты.
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Роза Отунбаева кеше, сәрсенбі, желтоқсанның 20 күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы барысында мәлімдеді.
Еске салайық, Америка Құрама Штаттары 2021 жылдың көктемінде Ауғанстаннан қарулы күштерін шығару туралы шешімін жариялағаннан кейін «Талибан» мүшелері ауқымды операция бастап, 15 тамызда Кабулды басып алып, 2004 жылдан бері осы елдің көп бөлігін бақылауда ұстап отырған Ауғанстан Ислам Республикасын құлатып, өз билігін орнатты.
7 қыркүйекте уақытша үкіметінің құрамын жариялады. Алайда қазіргі уақытта әлемнің ешбір мемлекеті «Талибан» үкіметін заңды деп мойындаған жоқ.
Дегенмен бүгінде Иран, Ресей, Қытай, Пәкістан және Түркіменстан сияқты бірнеше елде «Талибан» үкіметінің дипломатиялық миссиялары жұмыс істеп тұр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «Талибанға» Астанада елшілік ашуға рұқсат берді. Бұл туралы 2023 жылы 17 сәуірде ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. СІМ ресми өкілі бұл шешімнің тәліптердің билігін мойындау дегенді білдірмейтінін, «Талибанды» мойындау БҰҰ құзыретінде екенін баса айтты.
Айта кетейік, 2021 жылдың 16 желтоқсанына дейін БҰҰ жанындағы Ауғанстан өкілдігін бұрынғы үкімет тағайындаған Ғолам Есхақзай басқарды. Ол еліндегі билік «Талибан» қозғалысына өткен соң өз еркімен отставкаға кетті. Осы хабарды БҰҰ ресми өкілі Фархан Хақ Твиттерде жариялады.
Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Ауғанстанның тұрақты өкілдігін Ауғанстанның бұрынғы үкіметінің өкілі Насир Ахмед Фаик басқарып, Ауғанстан атынан осы ұйымның отырыстарына қатысып жүргенімен Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Ауғанстан өкілінің орны белгісіз жағдайда қалып отыр.
1945 жылы 24 қазанда құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымына Ауғанстан 1946 жылы мүше болды.
Қалай дегенмен Ауғанстан гуманитарлық мұқтаждық деңгейі өте жоғары ел саналады. Биыл 29 миллион ауған гуманитарлық жәрдемге мұқтаж.



















