Израильдің Газа секторына шабуылдары салдарынан 21 мыңнан астам бала жоғалып кетті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы «Балаларды қорғау» халықаралық ұйымы мәлімдеді.
Ұлыбританияда орналасқан «Балаларды қорғау» ұйымы жасаған мәлімдемеде қазіргі жағдайда Газа секторында нақты ақпарат жинау және тексеру іс жүзінде мүмкін емес екені айтылды.
Ұйымның мәліметінше, Газада кем дегенде 17 мың бала ересектердің сүйемелдеуінсіз өмір сүруде және 4 мыңға жуық баланың үйінділердің астында жоғалып кетуі ықтимал.
«Балаларды қорғау» халықаралық ұйымы отбасыларынан бөлінген және ересектердің сүйемелдеуінсіз өмір сүріп жүрген балаларды қорғау үшін шұғыл шара қабылдау қажеттілігі туралы ескертті.
Ұйымның балаларды қорғау жөніндегі маманы: «Біз күн сайын ересектердің сүйемелдеуінсіз өмір сүріп жатқан көптеген балаларды көреміз және күн сайын оларға көмек көрсету қиынға соғуда. Біз серіктестерімізбен бірге отбасынан бөлінген балаларды табу үшін жұмыс істейміз. Газа секторында балалар үшін қауіпсіз жер жоқ. Балаларды отбасы мүшелерімен қауыштыру қиын, өйткені жалғасып жатқан әскери әрекеттер біздің қауымдастықтарға қолжетімділікті шектейді, себебі отбасылары үнемі көшуге мәжбүр»,- дейді.
Сонымен қатар Батыс Азиядағы балаларды құтқару ұйымының аймақтық директоры Джереми Стоунер: «Газалықтар жақын адамдарының қайда екендігі туралы белгісіздіктен зардап шегуде. Ешқандай бала соғыс аймағында қорғансыз жалғыз қалмауы керек. Бірде-бір баланы ұстауға немесе кепілге алуға болмайды. Газа секторы балалар зиратына айналды. Газада жоғалған балалардың тағдыры белгісіз», — деп баса айтты.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 7 қазаннан бері Израиль шабуылдарынан 14 мыңнан астам бала қаза тапты.
БҰҰ сарапшыларының мәліметі бойынша, жуырда жаппай жерлеу орындарынан балалардың да денелері табылған. Балалардың көпшілігінің денелерінде азаптау іздері болса, олардың кейбіреуі тірідей жерленген.



















