АҚШ пен оның одақтастары әрқашан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін өз мүдделері үшін теріс пайдаланып келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай мәлімдемені ТМД елдері институтының еуразиялық интеграция және ШЫҰ даму бөлімінің меңгерушісі, сарапшы Владимир Евсеев ИРНА агенттігіне берген сұхбатында жасады.
Владимир Евсеев: “Батыс елдері Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін теріс пайдаланып келді. Мұндай жағдай биыл да қайталанды. Өйткені Америка Құрама Штатының одақтасы Оңтүстік Корея 2025 жылдың қыркүйегінде Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті”, — деді.
Ресейлік сарапшы әдетте мұндай жағдайда Ресей мен Қытайдың вето құқығы бұл тепе-теңсіздікті реттейтінін айтып: “Алайда бұл жолы вето құқығы қарастырылмады. Себебі қабылданған қарарды бекіту қажет болды. Мұндай жағдайда Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары Ресей мен Қытайдың вето арқылы Тегеранды қолдауына жол бермейтін алғышарттарды алдын ала ойластырған. 2015 жылы біздің елдер тым асығыстық танытып, “Ортақ қадам” жан-жақты бағдарламасына қатысты батысшыл қарарды мақұлдады. Қазір Батыс сол қарарды өз пайдасына асыра пайдаланып отыр. Сол себепті Ресей мен Қытай мұндай қарардың қабылдануына жол бергені үшін белгілі бір деңгейде жауапты”, – деді.
Сарапшы еуропалық үш елдің Иранға қатысты бұрынғы санкцияларды қайта қалпына келтіру туралы шешіміне пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, бұл шешім шын мәнінде еуропалық көшбасшылардан гөрі, Израильді қолдайтын Трамп әкімшілігінің ықпалымен қабылданған. Ол сондай-ақ еуропалықтар Израильдің Иранға қарсы маусым айында жасаған шабуылын іс жүзінде қолдағанын баса айтты.
Ресейлік сарапшы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт Америка Құрама Штаттарының заңсыз әрекеттері мен Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің бақылауындағы ядролық нысандарды бомбалауына байланысты күрделі дағдарысқа ұшырағанын қуаттап: “Егер бұл жалғаса берсе, келісім толығымен бұзылып, қазіргі жағдайдың жауапкершілігі толығымен Вашингтонға жүктеледі”, — деп сөзін түйіндеді.
















