Ливанда байланыс құрылғыларының жарылуына байланысты осы елдің Премьер-министрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен шұғыл отырыс өткізуді сұрады.
Еуразия Тудейдің Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ливан Премьер-министрі Наджиб Микати елінде орын алған жарылыстарға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен шұғыл отырыс өткізуді сұрады. Ол: «Мен Ливандағы байланыс құрылғыларының жарылуын тергеу үшін Қауіпсіздік Кеңесінен шұғыл отырыс өткізуді сұрадым. Израиль барлық халықаралық құқықты бұзды. Біз Ливанды соғыс отынан қорғап, онда бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді.
Мұндай мәлімдемені Наджиб Микати Ливанда көптеген пейджерлердің жарылысынан кейін кеше, сәрсенбі күні түстен кейін «Хезболла» мүшелерінің рациялары жарылғаннан кейін жасады. Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, сәрсенбі күні орын алған жарылыстардан тоғыз адам қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алған.
Ал, 17 қыркүйек күнгі жарылыстардан 11 адам қаза тапқан болатын. Ливанда 17 қыркүйек күні адамзат тарихындағы ең ауқымды кибер шабуылдардың бірі болып, бір мезетте Ливандағы мыңдаған адамның пейджер байланыс құралы жарылды.
Сарапшылар «Хезболла» мүшелері қолданған пейджерлер топ мүшелерінің қолына тигенге дейін бұзылған болуы мүмкін деп болжайды.
ХАМАС қозғалысының жетекшісі Исмаил Ханияға жасалған қастандықтан кейін, Ливанға арнайы тапсырыспен 5 мыңға жуық жаңа пейджер кіргізіліп, «Хезболла» ішкі байланыс құралы ретінде пейджерлерді қолдана бастаған болатын. «Хезболла» бұл шабуылға Израиль арнайы қызметін айыптап, Моссад арнайы операция ұйымдастырып, 5 мыңға жуық пейджерге жарылғыш зат орналастырып, оны қашықтан басқарған деп мәлімдеді.
Пейджерлер Ливан астанасынан бөлек, Сирияда да жарылған. Ливанда «Хезболла» қозғалысының жоғарғы шенді екі мүшесі қаза тапқан. Ал, жарақат алғандар арасында Иранның Ливандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Амани де бар.
Сарапшылардың бірі: «Ливандағы пейджерлердің детонациясы зиянды хабарламалардан туындаған болуы мүмкін. Олар аппараттарды бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтарды пайдаланып, олардың аккумуляторларының қызып кетуін, кейін детонациялануын тудырады», -дейді.
Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ливандық сарапшы Халил Сехнауи пейджерлердің жаппай жарылуы туралы: «Ливан аумағына кіргізілген пейджерлердің белгілі бір партиясы алдын ала бұзылып, жарылғыш зат орнатылған болуы мүмкін. Олар кейін бір хабарламамен іске қосылған. Израильдің арнайы қызметінде «Хезболла» пайдаланатын пейджерлердің маркасы туралы ақпарат болған. Израиль пейджерлердің қызып кетуі үшін қашықтан бұйрық беруі мүмкін. Оның үстіне, пейджерлерде қазіргі заманғы смартфондарда бар қорғаныс шаралары жоқ»,- деді.




















