Бейжіңге ресми сапармен барған АҚШ әскери делегациясы әртүрлі мәселелер мен шиеленістерді талқылау үшін Қытай тарапымен келіссөз жүргізді.
Еуразия Тудейдің Associated Press агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, АҚШ пен Қытай өкілдері Бейжіңде екі жылдық үзілістен кейін кездесіп, Тайвань, Ресей мен Украина соғысы және Оңтүстік Қытай теңізіндегі шиеленісті қоса алғанда, әртүрлі мәселелерді талқылады. Кездесу кеше, қыркүйектің 15 күні аяқталды.
АҚШ делегациясын АҚШ Қорғаныс министрінің Қытай, Тайвань және Моңғолия істері бойынша орынбасары Майкл Чейс басқарды.
Дереккөзінің мәліметі бойынша, екіжақты келіссөздер барысында тараптар Қытайдың Украина соғысы кезінде Ресейге қолдау көрсетуін, сондай-ақ, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеттерін талқылады.
АҚШ пен Қытай арасындағы байланыс Тайваньның егемендігі, COVID-19 шығуы және экономикалық мәселелер бойынша келіспеушіліктердің күшеюіне байланысты 2021 жылы үзілген еді.
АҚШ Президенті Джо Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің өткен жылдың қараша айында Сан-Францискода өткен кездесуінен кейін байланыс қалпына келтіріле бастады. Си Цзиньпин мен Джо Байден Сан-Францискоде өткен кездесуде екі елдің әскерилері арасындағы тікелей байланыс арналарын қалпына келтіруге келіскен болатын.


















