Бейжің қаласындағы Халық жиындары үйінде «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық форумына қатысушы делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Салтанатты шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан, Пәкістан Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Анвар ул-Хак Какар, Түркімен халқының ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халықтық Кеңесі Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев және басқа да көптеген елдердің мемлекет және үкімет басшылары қатысты.
Қонақтарға театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Форумның негізгі шаралары бүгін, 18 қазан күні өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық форумына қатысу мақсатында Қытайға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын, Құрмет қарауылы сап түзеген Бейжің әуежайында бірқатар лауазымды тұлғалар салтанатпен қарсы алды.
Екі күндік ресми сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен және Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен, Бүкіл қытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орнатылған Әбу Насыр Әл-Фараби бюстін салтанатты түрде ашты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында Қытайдың ірі компаниялары басшыларымен кездесу өткізеді.



















