Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Израильдің палестиналық бейбіт тұрғындарды Рафах қаласынан эвакуациялауға мәжбүрлеуін сынады.
Еуразия Тудейдің Baha ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Израильдің палестиналық бейбіт тұрғындарды Рафах қаласынан эвакуациялауға мәжбүрлеуін сынға алып, Газа секторында енді олардың паналайтын қауіпсіз аймағы қалмағанын айтты.
Жозеп Боррель Израильдің Рафахқа құрлықтан шабуылын жалғастырмауын сұрап, бұл аймаққа құрлық шабуылы Газадағы гуманитарлық дағдарысты күшейтетінін атады.
Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі сөзін жалғастырып: «Израиль халықаралық заңдарға сәйкес бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті», деп қосты.
Германия канцлері Олаф Шольц та мәлімдемесінде Израильдің Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына ауқымды құрлық шабуыл жүргізуі бейбіт тұрғындардың жаппай қырылуына себеп болатынын ескертті.
Шольц бұл мәселені Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға да айтқанын мәлімдеп: «Рафахқа жасалған шабуылда жазықсыз бейбіт тұрғындардың өлтірілуіне тосқауыл болатын тәсіл бар дегенге сенбейміз», деді.
Израиль Газа секторындағы Рафах қаласында құрлықтан шабуылға дайындық аясында газалықтарды осы аймақтан эвакуациялауға кірісті.
Израиль әскери күштері 11 мамыр, сенбі күні тұрғындардан Рафахтың шығыс бөлігінен Жерорта теңізі жағалауындағы Әл-Мавази лагеріне жексенбі күні тез арада кетуді талап етті. Израиль әскери күштерінің мәлімдеуінше, Рафах тұрғындарына араб тілінде жазылған плакаттар, SMS-хабарламалар және БАҚ үндеулері арқылы кетуге тиісті нақты аудандар айтылған.



















