Сенбі күні Израиль түрмелерінен босатылып, Мысырға жеткізілген палестиналық тұтқындар Каир қаласына келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы жексенбі күні таңертең ХАМАС қозғалысы мәлімдеді.
ХАМАС Telegram арнасында жариялаған мәлімдемесінде: “Газа секторында атысты тоқтату туралы келісім аясында Израиль түрмелерінен босатылған палестиналық тұтқындар Мысыр астанасы Каирге келді. Онда оларды ХАМАС басшылығының өкілдері, бірқатар басқа Палестина фракцияларының жетекшілері және босатылған тұтқындардың туыстары қарсы алды”,- деп жазды.
Reuters агенттігі сенбі күні кешке Израильдің түрме басқармасына сілтеме жасап, тұтқындармен алмасу үдерісінің екінші кезеңі аясында екі жүз палестиналық тұтқынның босатылғаны туралы хабарлады.
Сондай-ақ, мысырлық “Әл-Қахира әл-Ихбария» телеарнасы Мысырға 70 палестиналық тұтқын мінген екі автобустың кіргенін хабарлады.
Телеарнаның хабарлауынша, мәңгілікке бас бостандығынан айырылған бұл тұтқындар келісімнің бір бөлігі аясында босатылды. Олар Палестина аумақтарынан тыс жерде өмірлерін жалғастырады деп күтілуде.



















