БРИКС долларсыздандыру жөніндегі міндеттемесі аясында өзінің валюталық және төлем жүйесін белсенді түрде дамытып келеді.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитінде долларсыздандыру басты тақырып болады.
Бұл жөнінде АҚШ-тың Responsible Statecraft басылымында мақала жарияланды.
Мақалада: «БРИКС ұйымы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканың альянсы ретінде пайда болды. Жақында ұйым құрамы Иран, Мысыр, Эфиопия және БАЭ-нің қосылуымен кеңейді. Қазіргі кезде Ресей БРИКС-ке төрағалық етуде. Бұл позицияда Ресей блок мүшелерінің халықаралық валюта жүйесіндегі рөлін арттырып, банкаралық ынтымақтастықты дамытады және есеп айырысуды ұлттық валютаға дейін кеңейтеді. Ресей халықаралық саудада цифрлық активтерді қолдануда рұқсат беретін заңнама енгізді. Бүгінде БРИКС-те ақша бірлігін іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда.
Ресей Президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі кездесуі әскери және саяси ынтымақтастықты нығайтуға арналды, сонымен қатар қаржылық мәселелерге де баса назар аударылды.
Ресей делегациясының құрамында осы елдің жаңа Қорғаныс министрі Андрей Белоусов болды. Оның бұл қызметке тағайындалуы Ресей қарулы күштерінің стратегиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді деп саналады. Сонымен қатар іс-шараға Ресей Қаржы министрі Антон Силуанов пен Орталық банктің басшысы Эльвира Набиуллина да қатысты. Набиуллинаның шараға қатысуы санкцияларды айналып өту жолдары мен Мәскеудің долларсыздандыруға ұмтылысы туралы пікірталаста шешуші рөл атқарды.
Путиннің 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 25 пайызға өсіп, 227 миллиард доллардан асқаны туралы сөзі назар аудартады.
Сондай-ақ, Путин екіжақты сауданың 90 пайызы рубль және юаньмен жүзеге асырылатынын атап өтті.
2024 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша Қытай төлемдерінің 52,9 пайызы юаньмен, ал 42,8 пайызы доллармен төленді. Сонымен қатар, Қытай Халық банкінің мәліметі бойынша, Бейжіңнің алтын қоры 2024 жылдың бірінші тоқсанында 2264,87 тоннаға дейін өсті. 2023 жылдың төртінші тоқсанында 2235,39 тоннаны құраған болатын. Бұл алдыңғы бес жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп.
Goldman Sachs банкінің мәліметі бойынша, шетелдіктер активтерді юаньмен сатуға дайын. Бұл долларсыздандыруға ықпал етіп, Қытай валютасының позициясын нығайтады.
Өткен жылдың басында Бразилия мен Аргентина сауда есеп айырысуларына юань бағамы бойынша рұқсат беретіндерін мәлімдеді. Дүниежүзілік долларсыздандыру тенденциясы аясында көптеген елдер өздерінің резервтерін әртараптандыруды жеделдетті, алтын қорларын көбейтіп, жергілікті валютадағы халықаралық мәмілелерге көшті.
Сәуір айының басында Үндістан Сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Малайзия рупиймен сауда жасай бастағанын хабарлады. Үндістан қазірдің өзінде Ресеймен энергия саудасының негізгі бөлігін рупиймен немесе рубльмен жүзеге асырады.
БРИКС-тің жеке валютасы әлі дайын емес, бірақ Кремльдің көмекшісі Юрий Ушаков 2024 жылдың наурыз айында блокчейн технологиясына негізделген БРИКС төлем жүйесі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Бүгінде әлемдік валюталық операциялардың шамамен 90 пайызы доллармен жүзеге асырылады. Соңғы уақытқа дейін мұнай саудасының барлығы дерлік доллармен жасалды, бірақ 2023 жылы мәмілелердің бестен бір бөлігі басқа валюталарда жасала бастады.
Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков жақында берген сұхбатында долларсыздандыру бағдарламасы 2024 жылдың қазан айында Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитінде басты тақырып болатынын айтты.
БРИКС 2015 жылы инфрақұрылымдық жобалар мен блоктың және басқа дамушы елдердің тұрақты болуы үшін жаңа Даму банкі деп аталатын жеке банк құрды.
2021 жылы Бангладеш, Мысыр, БАЭ және Уругвай Даму банкінің мүшесі болып қабылданды.
2023 жылдың наурыз айында Шанхайда өткен отырыста 2024 жылға арналған жобалардың ауқымды кешені талқыланды.
БРИКС-ке мүше мемлекеттердің Оңтүстік елдерін қызықтыратын және долларлық қаржы жүйесін алмастыратын қаржы жүйесін құру ниетінің маңыздылығында күмән жоқ. Бұл АҚШ саясаткерлерін инфляциялық қысым мен АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өсіп келе жатқан жағдайда санкцияларды сыртқы саяси қару ретінде пайдалануға қарсы ұстамдылыққа итермелейді.



















