АҚШ пен Иран қақтығысының жаңа толқыны Таяу Шығысты гуманитарлық апатқа ұшыратып, Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігі мен әлемдік энергия нарығына соққы болуы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак АҚШ-тың Иран аумағына жасаған жаңа шабуылдарына қатысты білдірген пікірінде мәлімдеді.
Хак Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктің ұстанымына сілтеме жасап, Вашингтон мен Тегеран арасындағы ауқымды соғыстың қайта тұтануы аймақ үшін ауыр регресс болып, жаңа гуманитарлық тәуекелдер тудыратынын ескертті.
Ұйымның бұл мәлімдемесі Иран, Парсы шығанағы және Ормұз бұғазы төңірегіндегі кезекті шиеленістің ушығуы аясында жасалды.
Халықаралық БАҚ мәліметінше, қазіргі таңда әскери эскалация тек Иран аумағымен шектелмей, теңіз жолдарына, Вашингтонның аймақтағы нысандары мен одақтастарына, сондай-ақ сауда кемелер қатынасына да кері әсерін тигізе бастады.
Бұған дейін Associated Press агенттігі Ормұз бұғазы маңындағы кемелерге жасалған шабуылдардан кейін АҚШ-тың теңіз қоршауын күшейткенін, ал аймақтық делдалдар тараптарды келіссөзге тартып, дағдарыстың ауқымды соғысқа ұласып кетпеуіне тырысып жатқанын хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қақтығыстың жаңа толқыны әскери текетірес аясынан шығып, азаматтық инфрақұрылымға, сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жанармай жеткізіліміне кесірін тигізеді деп қауіптенеді.
Фолькер Тюрктің айтуы бойынша, қақтығыс адам құқықтарының сақталуына қауіп төндіріп, тұрақсыздықты тереңдетіп, өмірлік маңызы бар тауарлардың жеткізілімін бұзуы мүмкін.
Соғыс пен санкциялардан, гуманитарлық дағдарыстар мен көші-қон ағындарынан көз ашпай келе жатқан Таяу Шығыс үшін АҚШ пен Иран арасындағы жаңа қақтығыс аймақтық тұрақтылықты біржола күйрететін факторға айналуы мүмкін.
Әлемдік энергия ресурстарын тасымалдаудың негізгі бағыты саналатын Ормұз бұғазы ерекше маңызға ие. Осы аймақтағы кез келген қақтығыс бірден жаһандық мұнай нарығына, тасымалдау құны мен кемелерді сақтандыру тарифіне, сондай-ақ сауда тізбегінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Associated Press мәліметінше, Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасын толық қалпына келтіру әрекеттері үлкен қиындықтарға тап болуда. Тіпті қауіп-қатерлер мен шектеулі шабуылдардың өзі сауда кемелерінің бағытын өзгертуге мәжбүрлеп, сақтандыру мен тасымал шығындарын еселеп арттырып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымы әскери логиканың дипломатиялық тетіктерді ығыстыра бастағанын айтып, екі тараптың өзара соққылары мен жауапты әрекеттері ұзарған сайын, келіссөздер жүргізуге, дағдарысты бақылауда ұстауға және кездейсоқ эскалацияның алдын алуға мүмкіндік беретін дипломатиялық кеңістікті сақтау соғұрлым қиындай түсетінін ескертті.
Financial Times басылымы Вашингтон мен Тегеран өзара шабуылдарды бір-біріне қысым көрсету мен белгі беру құралы ретінде пайдаланып отырғанын, алайда мұндай стратегия, әсіресе Парсы шығанағында әскери күштердің тығыз шоғырлануы жағдайында, қате есептеу мен кездейсоқ қақтығыс қаупін арттыратынын жазды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін басты мәселе — кезекті шабуылды кімнің жасағанында емес, өзара жауап қайтарудың толассыз тізбегін қалай тоқтатуға болатынында.
Халықаралық гуманитарлық құқық талаптарына сәйкес, қақтығысушы тараптар бейбіт тұрғындарға орынсыз зиян келтіруге, азаматтық инфрақұрылымның қирауына және негізгі қызмет түрлеріне қолжетімділіктің шектелуіне әкеп соғатын кез келген әрекеттен аулақ болуы тиіс.
Сондықтан Фолькер Тюрктің үндеуі мен Фархан Хактың пікірі қақтығысты тежеп, тараптарды келіссөз үстеліне қайтаруға және бейбіт тұрғындарды қорғауға бағытталған дипломатиялық талпыныс ретінді бағалануы тиіс.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетірестің одан әрі ушығуы энергетикалық қауіпсіздік, теңіз саудасы мен гуманитарлық жеткізілімдерді ғана емес, сондай-ақ қаржы нарықтары мен Парсы шығанағы елдерінің тұрақтылығын да үлкен қауіпке тірейді.
БҰҰ-ның барынша ұстамдылық танытуды талап етуінің басты себебі де осы. Таяу Шығыстағы жаңа ауқымды қақтығыс аймақты хаосқа тіреп қана қоймай, жаһандық экономика мен халықаралық қауіпсіздік жүйесіне соққы беретін тізбекті реакция тудыруы мүмкін.



















