Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Еурокомиссияның Израильмен серіктестік келісімін ішінара тоқтату туралы шешімін қолдады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Антониу Гутерриш Еурокомиссияның Еуропалық Одақ пен Израиль қауымдастығы келісімінің саудаға қатысты бөлігін ішінара тоқтату және ХАМАС қозғалысына қарсы санкциялар енгізу туралы ұсыныстарына қолдау білдірді.
Гутерриш Х әлеуметтік желісінде: “Мен Еурокомиссияның Израиль қауымдастығы келісімінің саудаға қатысты бөлігін ішінара тоқтату және экстремист министрлерге, зорлық-зомбылық көрсеткен қоныстанушылар мен ХАМАС қозғалысына қарсы санкция салу жөніндегі ұсыныстарын қолдаймын. Ендігі шешім мүше мемлекеттерге байланысты”,- деп жазды.
Гутерриш бұл шаралар Израиль халқына қарсы бағытталмағанын баса айтты. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Газа секторындағы жағдайды апатты деп бағалап, дереу атысты тоқтатуға, толық гуманитарлық қолжетімділікті қалпына келтіруге және барлық тұтқындарды сөзсіз босатуға шақырды.
Айта кетейік, мұның алдында Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Еуропалық Одақтың Израильмен серіктестік келісімін ішінара тоқтатуға шешім қабылдағанын айтып, Израильге қолдау көрсетуді және Еуропалық Одақ пен Израиль қауымдастығы келісімінің саудаға қатысты бөлігін ішінара тоқтатуды ұсынды.



















