БҰҰ-ның Палестина жөніндегі арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезе Израильді жазалауға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Франческа Альбанезе Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Франческа Альбанезе Израиль істеген қылмыстары үшін жазалануы керек екенін атап: «Газа секторында болып жатқан оқиға – геноцид. Бұл Израильдің басты қылмысы», — деді.
Альбанезе сөзінің жалғасында: «Діни нысандарға шабуыл жасау — жеккөрушіліктің белгісі, мешіттер мен шіркеулерді нысанаға алу — әскери қылмыс», — деді.
Альбанезе сонымен қатар Израильдің Газа секторындағы мектептерге қасақана шабуыл жасап отырғанын мәлімдеді.
БҰҰ-ның Палестина жөніндегі арнайы баяндамашысы бұған дейін Газа секторындағы жағдайға қатысты әлемнің үнсіздігіне сілтеме жасап, Израильдің Газа секторына америкалық және еуропалық қару-жарақпен шабуыл жасап отырғанын айтқан болатын.
Газа Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, Израильдің Газа секторына шабуылдары басталғаннан бері қаза тапқан палестиналықтардың саны 40 мыңнан асты, жараланғандардың саны 92 401-ге жетті.
Cоғыс басталғаннан соңғы 10 ай ішінде Израильдің шабуылдарынан Газа секторының едәуір бөлігі қирады.



















