Біріккен Ұлттар Ұйымы кеше, жексенбі күні Тегеранға қарсы халықаралық санкциялар мен Snapback механизмінің күшіне енгенін растады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қауіпсіздік кеңесі Иранға қарсы 2015 жылғы ядролық келісім жасалғаннан кейін тоқтатылған санкциялар қалпына келтірілгенін растап, мәлімдеме жасады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: “БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1737 қарары негізінде құрылған комитет жүргізетін санкциялар тізімі қалпына келтірілді. Бұл тізімге 2231 қарары қабылданғанға дейін енгізілген 43 жеке тұлға мен 78 заңды тұлға кіреді”, -деп жазылған.
Өткен айда Франция, Ұлыбритания және Германия Snapback механизмін ресми түрде іске қосты. Бұл механизм Иран 2015 жылғы ядролық келісімді бұзды деп танылған жағдайда, 30 күн ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларын қайта енгізуге мүмкіндік береді.
19 қыркүйек күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Иранға қатысты санкцияларды жеңілдетуді ұзарту жөніндегі қарарды қабылдамады. Сонымен қатар, ядролық келісім мен 2231 қарарының мерзімін алты айға ұзартуды көздеген қарар да қабылданбады.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 19 қыркүйек күні Иранға қарсы санкцияларды қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
Қауіпсіздік кеңесінде Ұлыбритания, Франция және Германия ұсынған қарарды Америка Құрама Штаттары және тағы 6 ел қолдады.
Қытай, Пәкістан және Ресей санкцияларды тоқтату мерзімін ұзартуға дауыс берді. Алайда, Иранға қарсы халықаралық санкциялар мен Snapback механизмі кеше, жексенбі, қыркүйектің 28 күні ресми түрде күшіне енді.



















