Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Цой Сон Хи және Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И кеше, 28 қыркүйек күні кездесіп, келіссөз жүргізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, тараптар Бейжіңде өткен келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылады.
Кореяның орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, Цой Сон Хи кездесу барысында 3 қыркүйекте Бейжіңде өткен Қытай халқының Жапония басқыншылығы мен дүниежүзілік антифашистік соғыстағы жеңісінің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың Қытайдың қазіргі халықаралық аренадағы мәртебесін, жетістіктерін, ұлттық қуаты мен беделін айқын көрсеткенін атап айтты.
Сондай-ақ, Цой Сон Хи мерекелік шаралар аясында өткен Қытай мен Солтүстік Корея басшыларының саммиті екіжақты қарым-қатынастың даму жолын уақыт талаптарына сай көрсеткенін және екі мемлекет басшыларының тарихи кездесуі екі ел арасындағы байланысты тереңдетуге серпін бергенін қуаттады.
Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Корея Еңбек партиясы мен Халық Демократиялық Республика Үкіметінің ұстанымы Қытаймен екіжақты қарым-қатынасты дамыту екенін баса айтты.
Министрдің айтуынша, Корей Халық Демократиялық Республикасы 3 қыркүйекте Ким Чен Ын мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы келіссөзге сай ынтымақтастықты тереңдетуге күш салатын болады.
Айта кетейік, КХДР Сыртқы істер министрі Цой Сон Хи қазіргі уақытта Қытайда жұмыс сапарымен жүр. Министрдің жұмыс сапары 30 қыркүйекке дейін жалғасады.



















