Біріккен Ұлттар Ұйымы Талибан билігі отанына оралған ауғандықтардың адам құқықтарын дөрекі түрде бұзып жатқанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің БҰҰ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша БҰҰ-ның баяндамасында Иран мен Пәкістаннан ауғандықтарды жаппай депортациялау науқаны кезінде отанына оралған ауғандықтардың адам құқықтарының Талибан билігінің қолынан дөрекі түрде бұзылып жатқанын мәлімдеді.
БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы (UNAMA) мен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары кеңсесінің (OHCHR) мәліметтері бойынша бұл жерде қорқытулар, азаптаулар, қатыгездік, негізсіз тұтқындаулар мен қамауға алу туралы сөз болып отыр.
Баяндамада тәліптердің отанға оралған адамдарға кешірім жариялады деп мәлімдегеніне қарамастан, заңсыз әрекеттердің таңдаулы түрде, әсіресе әйелдерге, БАҚ қызметкерлеріне, азаматтық қоғам өкілдеріне және бұрынғы үкімет пен қауіпсіздік күштеріне қатысы бар адамдарға қатысты жасалып жатқаны атап көрсетілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Түрік: «Ешкім өзінің жеке басы немесе өткені үшін қудалауға ұшырайтын елге қайтарылмауы керек. Ауғанстанда тек жынысына байланысты қудалауға душар ететін бірқатар шектеуге ұшыраған әйелдер мен қыздар үшін жағдай өте қиын», деді.
Иран мен Пәкістаннан кең ауқымды депортациялау науқаны басталғаннан кейін 2023 жылдан бері миллиондаған ауғандық отандарына оралды. Биыл 2025 жылы ғана Ауғанстанға 1,8 миллионнан астам адам, оның 1,5 миллионы Ираннан оралды.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі елдегі ауыр гуманитарлық дағдарыс жағдайында отанға оралғандардың жалпы саны жыл соңына дейін үш миллионға жетуі мүмкін деп есептеді.
2021 жылы тамызда Ауғанстанда Талибан билікке келгеннен кейін елден қашып кеткен бұрынғы тележүргізуші мәжбүрлі түрде оралғаннан кейін өмірі күрт өзгергенін айтты: «Мен өзімнің қауіпсіздігім үшін қатты қорқамын және менің провинциямдағы әйелдердің жағдайына қатты алаңдаймын. Мен іс жүзінде үйқамағындамын деп айтуға болады. Әйелдер мен қыздар үшін жұмыс істеу, жүріп-тұру еркіндігі, білім алуға, оқуға, не оқытуға қолжетімділік жоқ».
Қайтып оралғандардың көпшілігі де-факто билік тарапынан нақты немесе сезілген қауіптеріне байланысты жасырынуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, бұрынғы билік пен қауіпсіздік күштерімен байланысы барларға қатысты. Олар ашық жарияланған рақымшылыққа қарамастан, қуғынға ұшырайды.
Бұрынғы қызметкердің айтуынша, 2023 жылы елге оралғаннан кейін оны екі күн бойы бір үйде ұстап, қатты азаптаған: таяқпен, кабельмен және ағаш сойылдармен ұрып-соққан.
Ираннан депортацияланған басқа ауғандықтар кім екендіктерін жасыру үшін тұрғылықты жерлерін жиі өзгертуге мәжбүр. Солардың бірі, бұрынғы судья: «Мен жасырынуға тырысамын, өйткені мен бұрын соттаған тұтқындар қазір үкіметте жоғары лауазымды қызметтер атқарып, әлі мені іздеп жүр. Егер мені тапса, өлтіретіндеріне сенімдімін. Тіпті судья болған кезімде де олар мені қорқытатын», — деп түсіндірді.
БҰҰ Ауғанстандағы осындай заң бұзушылықтарды ескере отырып, ұйымға мүше мемлекеттерді өмірлеріне нақты қауіп төнген ағандықтарды отанға қайтармауға шақырады.
БҰҰ-ның баяндамасында: «Мүше мемлекеттер тәуекел тобындағы ауғандықтарды қоныстандыру бағдарламаларын кеңейтіп, олардың қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Олар қайтарылған жағдайда адам құқықтарының бұзылуына ұшырауы мүмкін адамдарға, соның ішінде әйелдер мен қыздарға, бұрынғы үкімет пен қауіпсіздік күштерімен байланысы бар тұлғаларға, журналистерге, азаматтық қоғам белсенділеріне және құқық қорғаушылардың қорғалуына басымдық беруі керек», — деп жазылған.














