Иранмен болған бес айлық әскери қақтығыс АҚШ-тың жоғары дәлдіктегі қару-жарақ қорын едәуір азайтты.
Еуразия Тудейдің CNN телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, АҚШ әскері Иранмен соғыс кезінде ирандық зымырандарға қарсы тұру үшін зымыранға қарсы THAAD құрылғыларының шамамен 80 пайызын және Patriot әуе қорғанысы жүйесі зымырандарының жартысына жуығын жұмсады. Соғыс басталғанға дейін АҚШ арсеналында шамамен 2 200 Patriot және 452 THAAD зымыраны болған.
CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне арқа сүйейтін Таяу Шығыстағы бірқатар ел Иран тарапынан болуы ықтимал қарымта шабуылдарды тойтаруға қажет қару қоры таусылып қалуы мүмкін деп алаңдауда. Дереккөздердің айтуынша, бұл мәселе АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға жаңа соққы жасаудан бас тарту туралы шешімі қабылданғанға дейін қайтадан өткір сипат алған.
Дональд Трамп 2 тамызға қараған түні Иранға жасалуы тиіс соққылардың күшін жойғанын мәлімдеді. Ол бұл шешіміне жанжалды реттеу бойынша келісімге келуге мүмкіндік туғанын себеп ретінде көрсетті. Содан бері екі тарап бір-біріне қарсы әскери соққы жасаған жоқ.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс тек Patriot зымырандарының ғана емес, сонымен қатар АҚШ-тың басқа да жоғары дәлдіктегі қару-жарақ қорының айтарлықтай таусылуына әкеп соқты.
Жағдайдан хабардар үш дереккөздің мәлімдеуінше, Иранмен бес айға созылған соғыс кезінде АҚШ әскері алыс қашықтыққа дәл соққы жасайтын жоғары дәлдіктегі зымырандардың едәуір бөлігін жұмсап үлгерген. Бұл өз кезегінде Вашингтонның болашақта туындауы мүмкін әскери қақтығыстарға дайындығына қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.
Бұл жерде 300 шақырымға дейін қашықтықта ұшатын ATACMS тактикалық баллистикалық зымырандары және олардың орнын басу үшін әзірленген PrSM (Precision Strike Missile) жоғары дәлдіктегі соққы беру зымырандары туралы сөз болып отыр. Ұшу қашықтығы 500 шақырымға жететін PrSM зымырандары алғаш рет биыл наурыз айында Иранға қарсы қолданылған болатын.
Reuters агенттігінің екі дереккөзінің айтуынша, АҚШ бұл қару түрлерінің қорын толықтай тауысып үлгерген. Жоғары дәлдіктегі зымырандар қорының азаюы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы жаңа әскери операция жүргізу мүмкіндігін айтарлықтай шектеуі мүмкін. Трамп өткен аптаның соңында Иранға күйрете соққы беруге уәде етіп: «Оларды күйрете соғамыз. Өте қуатты соққы жасаймыз», – деген болатын. Алайда демалыс күндері ол бұл операциядан бас тартып, Тегеранмен диалогқа дайын екенін тағы да мәлімдеді.
Reuters агенттігінің дерегінше, жоғары дәлдіктегі қару жеткіліксіз болған жағдайда, АҚШ Иранға қарсы әуе шабуылдарын жүзеге асыру үшін соққы беруші әскери авиацияны бұрынғыдан да көбірек пайдалануға мәжбүр болуы мүмкін. Дереккөздердің айтуынша, заманауи зымыран қорының айтарлықтай азаюы АҚШ-тың тек Иранды ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Қытай сияқты өзге де ірі қарсыластарын стратегиялық тұрғыдан тежеу мүмкіндігіне де кері әсерін тигізуі ықтимал.
Тағы бір дереккөздің мәліметі бойынша, АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранмен қақтығыс басталғанға дейінгі жоғары дәлдіктегі зымырандар қорын түгелге жуық тауысып үлгерген. Дегенмен, бұл тапшылық әлемнің басқа аймақтарынан қажетті зымырандарды жедел түрде қайта орналастыру арқылы уақытша толықтырылып отыр.


















