Дағыстан Үкіметінің Төрағасы Абдулмуслим Абдулмуслимов Иранға жұмыс сапары аясында Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы Анзали еркін экономикалық аймағына барды.
Еуразия Тудейдің Дағыстан Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Абдулмуслим Абдулмуслимов Анзали еркін экономикалық аймағының басшылығымен кездесіп, ынтымақтастық келешегін талқылады.
Сонымен қатар, Дағыстан Үкіметінің Төрағасы Анзали аймағының инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысты.
Сапардың негізгі мақсаты Дағыстан мен Иран арасындағы экономикалық және сауда байланысын нығайту болып табылады.
Анзали еркін сауда-өнеркәсіп аймағы “Солтүстік – Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізіндегі маңызды стратегиялық көлік және транзиттік орынға ие.
Сондай-ақ, аймақ Иранның солтүстік серіктестерімен, әсіресе Ресеймен сауда қарым-қатынасының негізгі қақпасы ретінде қызмет етеді.
Дағыстан Премьер-министрі елдегі басты көлік тораптарының бірі саналатын Анзали портының инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Қонақтарға арнайы экономикалық аймақ мүмкіндіктерін өнеркәсіп аймағының басшысы Мохаммад Саджад Сиаһкарзаде таныстырды.
Анзали порты өзінің географиялық орналасуына және дамыған инфрақұрылымына байланысты өңір экономикасында маңызды рөл атқарады. Порттың еркін экономикалық аймағы өңірдегі сауданы, инвестицияны және өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылған.
Абдулмуслим Абдулмуслимов порт инфрақұрылымының деңгейі мен оның трансшекаралық сауда мүмкіндіктерін жоғары бағалап, Махачкала портының бүгінде “Солтүстік – Оңтүстік” көлік дәлізі аясында экспорттық және импорттық бағыттарды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Сапар соңында Абдулмуслим Абдулмуслимов Гилян провинциясы басшылығына дағыстандық делегацияға көрсетілген жылы қабылдау үшін алғыс білдірді.


















