Италиялық жазушы әрі қоғамдық белсенді Давиде Росси шәһид Әли Хаменеидің ілімі тарихта мәңгі сақталатынын мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Давиде Росси видеожолдау жариялап, аятолла Әли Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Иран халқының маңызды әрі тарихи сәттерінің біріне куә болу мақсатында Тегеранға бара жатқанын, аятолла Әли Хаменеидің саяси және философиялық көзқарастарына арналған 300 беттік көлемді еңбек жазып, оған өзі алғысөз дайындағанын айтты.
Жазушының айтуынша, бұл шығарма тек Жоғарғы көшбасшының өмір жолын сипаттаумен шектелмейді. Онда 1979 жылы теңдік пен тәуелсіздікке негізделген қоғам құру мақсатында империализмге, қанаушылыққа және өз елі байлығының талан-таражға түсуіне қарсы бас көтерген Иран халқының тарихы жан-жақты баяндалады. Италиялық жазушы Иран халқының Ислам революциясын әлі де қолдайтынын және оған үлкен құрметпен қарайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шынайы көрініс Батыстың Ислам Республикасы туралы қалыптастырған жалған бейнесін толығымен теріске шығарады.
Иран халқының төзімділігі мен қайсарлығына таңданыс білдірген Росси: «Иран ешқашан басқыншылықты бастаушы болған емес. Керісінше, соңғы жылдары ДАИШ лаңкестік тобымен күресте, аймақтағы шиіттерді қорғауда және Палестинаның қарсыласу қозғалысына демеу болуда шешуші рөл атқарды», — деді.
Давиде Росси Вашингтонның сыртқы саясатын сынап, ДАИШ-тің Американың қолдауы мен қаржыландыруының арқасында күш алғанын баса айтты.
Сонымен қатар, Иранның бұл лаңкестік топқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұрып, аймақ халықтарын лаңкестік қауіптен азат етуге зор үлес қосқанын мәлімдеді.
Италиялық қоғам қайраткері Иран Ислам Республикасының Палестина халқын қолдаудағы рөліне тоқталып: «Тегеранның Палестинаны қорғауы — бұл елдің мазлұм халқына демеу болуға және әлемдік үстемдікке қарсы тұруға бағытталған ауқымды стратегиясының бір бөлігі», — деп мәлімдеді.
Росси Иранның жаһандық аренадағы және неғұрлым әділ әрі көпполярлы тәртіпті қалыптастырудағы рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, Иранның бұл бағыты Қытай мен Ресей сияқты алпауыт елдердің өзара ынтымақтастыққа, теңдікке және адамзаттың ортақ тағдырына негізделген жаңа әлем құру жолындағы күш-жігерімен толық үндеседі.
Ол әлемдегі әлеуметтік әділдік пен теңдікті жақтайтын әрбір адам Иран Ислам Республикасының империализмге қарсы тұрудағы және халықтардың тәуелсіздігін қорғаудағы бірегей тәжірибесін қолдауы керек екенін баса айтты.
Италиялық жазушы: «Аятолла Әли Хаменеи тәуелсіздік үшін күресушілермен және әлемдік үстемдікке қарсы шыққан қайраткерлермен әрдайым тығыз әрі достық қарым-қатынаста болды», — деді.
Росси сөзінің соңында: «Иранның тарихи жолы мен орнын түсінгісі келмейтіндер шындықты қанша бұрмаласа да, ақиқат өзгермейді. Ал шәһид аятолла Әли Хаменеидің ілімі тарихта мәңгі сақталады», — деді.



















