Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Газа секторында тиісті инфрақұрылымдардың және дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктің болмауы салдарынан адамдардың жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі төніп тұрғанын ескертті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында: «110 мыңнан астам адам тыныс жолдары ауруларының асқынған түріне шалдыққан. 70 мыңнан аса адам түрлі дәрежедегі диареямен ауырады. Мыңдаған адам тері аурулары, шешек және сары ауруға шалдыққан»,-деп мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа секторында барлық жердің медициналық көмекке мұқтаж екенін атап өтті.
ДДСҰ өкілі Маргарет Харрис аштық, таза судың жетіспеушілігі және адамдар жасырынып жатқан бөлмелердің тар болуы жағдайды нашарлататынын айтты.
Бұл жағдайда диарея немесе респираторлық инфекциялармен ауыратындарға ешкім көмектесе алмайтынын ескертті.
Сондай-ақ, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джеймс Элдер Газаның солтүстігіндегі Әл-Шифа ауруханасы дәрігерінің балаларға диарея мен респираторлық вирустық инфекциялар қаупі бар екендігі туралы хабарламасын жеткізді.
Айта кетсек, сионистік режимнің 1,5 айдан астам уақыт бойы Газа секторына жасап жатқан шабуылдары барысында осы аймақтың ауруханалары мен емханалары нысанаға алынды. Соның салдарынан осы орталықтардың көбі жұмысын тоқтатты.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ХАМАС пен Израиль қақтығысы салдарынан 15 мыңнан астам адам қаза тапты.



















