Нью-Йорктегі алқабилер соты АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампты қылмыстық іс бойынша кінәлі деп тапты.
Тудейдің The Washington Post және Deutsche Welle басылымдарына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Дональд Трамп құжаттарды бұрмалаудың 34 жағдайы бойынша кінәлі деп танылды.
12 алқаби 30 мамырда АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампты кінәлі деп тапқан үкім 11 шілде күні жарияланады. Бұл Нью-Йорктегі алқабилердің президентті жауапқа алып, «кінәлі» деп тапқан АҚШ тарихындағы бірінші оқиға.
Енді жаза түрін судья Хуан Мерчан 11 шілде күні өтетін арнайы отырыста анықтайтын болады.
Алайда Дональд Трамп алқабилер үкімі түпкілікті емес екенін мәлімдесе, оның қорғаушысы шешімге шағымданатынын жеткізген.
Соттың қорытындысына қарамастан, Дональд Трамп алдағы президенттік сайлауға түсіп, тіпті жеңіске жетуі мүмкін деген болжамдар бар.
Құқық саласындағы сарапшылар Нью-Йорктегі судья Хуан Мерчан АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты нақты түрме жазасына кесуі екіталай деген пікірде. Сарапшылардың айтуы бойынша, 77 жастағы Трамптың бұрын ауыр қылмыс жасамағанын және сотталмағанын ескере оның түрмеге түсуі екіталай екенін тілге тиек етеді.
Сонымен қатар сарапшылар Хуан Мерчан экс-президентті шартты мерзімге соттай алады деген пікірлерді де айтуда. Бұл оған штаттан тыс шығуға биліктің рұқсаты қажет болады дегенді білдіреді. Сарапшылардың пікірінше, Трампқа айыппұл салынуы да мүмкін. Бұрынғы мемлекет басшысы, қараша айында өтетін президенттік сайлауға қатысуға және жеңіске жеткен жағдайда америкалық көшбасшының міндетін атқаруға құқылы.



















