Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі 1 маусым -Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауын Ақорда жариялады.
«Құрметті отандастар!
Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Балаларымыздың болашағы баянды болсын!-деп құттықтап жазды Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы болашақ балалардан басталатынын атап, еліміздегі әрбір баланың мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге деген сенімі өте маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруге және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулуға үндеді.
Сондай-ақ жас ұрпаққа төл тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге үйретуіміз қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы құттықтауында «Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!»,–деді.












