Вашингтон бірнеше айлық әскери текетірестен кейін Иранның өңірдегі ықпалы артқанын мойындауы тиіс.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Америка Құрама Штаттарының Ұлттық лаңкестікке қарсы орталығының бұрынғы басшысы Джо Кент мәлімдеп, шабуылдарды жалғастыру Вашингтонның стратегиялық сәтсіздіктерін одан әрі тереңдете түсетінін ескертті. Джо Кент бұл мәлімдемені кеше, жексенбі, 19 шілде күні әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ол соңғы қақтығыстар Батыс Азиядағы геосаяси жағдайды түбегейлі өзгерткенін және АҚШ-тың өңірге қатысты бұрынғы стратегиялық көзқарастары өз өзектілігін мүлдем жоғалтқанын атап айтып: «Соғыс өңірдегі жағдайды түбегейлі өзгертті. Иран ірі өңірлік державаға айналды. Біз мұны неғұрлым ерте мойындап, саясатымызды жаңа шындыққа сәйкес бейімдесек, ұстанымымыз соғұрлым берік болады», – деп жазды.
Америка Құрама Штаттарының Ұлттық лаңкестікке қарсы орталығының бұрынғы басшысының айтуынша, Вашингтонның әскери науқаны өзінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізе алмады. Ол Иранға қарсы ауқымды құрлықтық операция бастау әрекеті «стратегиялық апатқа» соқтыратынын, америкалық әскерилер арасында үлкен шығындарға әкеп соғып, өңірдегі тұрақсыздықты одан әрі ушықтыратынын ескертті. Кенттің пікірінше, Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеиге қарсы бағытталған қастандық әрекеті күтілген нәтижеге мүлдем кері әсер берген. Оның сөзінше, бұл оқиға Иран билігін әлсіретудің орнына ел ішіндегі ішкі бірлікті нығайтып, халықтың Үкімет пен Ислам революциясы Сақшылар корпусының төңірегіне одан әрі топтасуына түрткі болған.
Әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырған Кент Вашингтонға өңірдегі әскери контингентін қысқартуды, соның ішінде америкалық әскерді, әскери базаларды және әскери-теңіз күштерін шығаруды ұсынды. Оның айтуы бойынша, бұл қадам Иранның әскери шиеленістің негізгі себебі деп санайтын факторларды жойып, Ормұз бұғазы арқылы халықаралық кеме қатынасын толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Кент АҚШ-тың өңірдегі көптеген әскери нысандары стратегиялық артықшылық болудан қалып, керісінше, қосымша ауыртпалыққа айналғанын мәлімдеді.
Кенттің пікірінше, бұл нысандарды шығару Иранның АҚШ күштеріне шабуыл жасау ықтималдығын төмендетіп, әлемдегі ең маңызды энергетикалық дәліздердің бірі саналатын Ормұз бұғазындағы теңіз тасымалына төнетін қауіп-қатерді айтарлықтай азайтады. Кенттің пікірінше, өңірдегі шиеленіс бәсеңдегеннен кейін АҚШ санкцияларды жеңілдетсе, ал Иран Ормұз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасына кепілдік берсе, екіжақты келісім аясында дипломатиялық қарым-қатынасты қайта жандандыруға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, Джо Кент 2026 жылғы 17 наурызда қызметінен кетіп, Вашингтонның Иранға қарсы әскери науқанын бұдан әрі қолдай алмайтынын мәлімдеді.
















