Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Пезешкианмен Тегеранда кездесуінде Иран мен АҚШ арасында араағайын болуды қайта ұсынуы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы сарапшы Яшар Ниязбаев мәлімдеді.
Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған жуырда Тегеранға ресми сапармен барады.
Сарапшылар Түркия Президентінің Иранға алдағы сапары және Ердоған мен Пезешкианның кездесуінде қандай мәселелер талқыланатыны жөнінде пікір білдірді.
“Россия сегодня” медиа тобының кеңесшісі, шығыстанушы Турал Керимов пен Телеграмдағы “Түркия күн тәртібі” арнасының авторы, Түркия мәсеслелері бойынша сарапшы Яшар Ниязбаев Түркия мен Иран арасындағы өзекті мәселелерге тоқталып, сапар барысын талқылады.
Турал Керимов Түркия мен Иран арасындағы байланысқа тоқталып: “Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған мен Иран басшыларының талқылайтын тақырыптары өте көп.
Иран – Түркия үшін негізгі аймақтық серіктестердің бірі, ал Түркия – Иран үшін Таяу Шығыстағы стратегиялық серіктес. Екі ел де макроэкономика мен энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды трансконтинентальды коммуникация аймағында орналасқан.
Түркия көп жыл бойы ирандық бизнес, қаржы және капитал үшін қақпа болды. Бірқатар түрік ұйымдары тіпті Иранмен жұмыс істегені үшін Американың санкциясына ұшырады”, – деді.
Сарапшы Турал Керимов Ердоғанның алдағы Тегеранға сапары барысында талқыланатын мәселелердің ішінен ең алдымен энергетикалық тақырыпты атап: “Түркия Иран газының маңызды сатып алушысы болып табылады. Иран — Ресейден кейінгі осы елге ең ірі газ жеткізуші ел. Сол себепті де Иран газы Түркия үшін өте маңызды”, – деді.
Ал сарапшы Яшар Ниязбаев Ердоғанның бұл сапары Түркия мен Иранның жоғары деңгейдегі ынтымақтастық кеңесінің тоғызыншы отырысына орайластырылғанына назар аударып: “Кездесу барысында экономикалық мәселелерге баса назар аударылатындықтан Ердоғанның Тегеранда жүргізетін келіссөз тақырыптары тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыру, газ жөніндегі 25 жылдық келісімді ұзарту және жаңа шекара бекеттерін ашу мен теміржол қатынасын дамыту болуы мүмкін”,- деді.
Сарапшы сөзінің жалғасында: “Тараптар Күрдістан жұмысшылар партиясымен күрестегі бірлескен шараларды, заңсыз көші-қонды бақылауды және Башар Асад режимінен кейінгі Сириядағы күрд мәселесін, соның ішінде босқындарды қайтару мәселесін талқылайды. Палестина мен Газаны қолдау жөнінде де пікір алмасады.
Бұдан бөлек, Иран Түркиядан ядролық келісімді қайта жандандыру және санкцияларды жою үшін көбірек қолдау сұрауы мүмкін. Ал Ердоған Тегеран мен Вашингтон арасында араағайын болуды қайта ұсынуы мүмкін, -деді.
Сарапшының айтуы бойынша, Анкара мен Тегеранды бүгінгі уақытта стратегиялық негізгі үш мүдде біріктіреді.
Яшар Ниязбаев: “Біріншіден, екі ел де Израильді аймақ үшін басты қауіп санайды және Палестинаны қолдауда толық ортақ ұстанымға ие. Екіншіден, Түркия да, Иран да күрд автономиясы немесе мемлекетінің пайда болуына қарсы. Үшіншіден, екі ел де аймақта АҚШ-ның үстемдігінің болмағанын қалайды. Иран санкциялардың алынып, ядролық келісімге қайта оралуды, Түркия болса араағайын ретіндегі рөлін күшейтіп, Таяу Шығыстағы ұстанымын арттыруға ұмтылады”, — деп сөзін қорытындылады.
Мұның алдында Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бақайи баспасөз мәслихатында Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Иран сапары туралы мәлімдеп, Тегеранның Ердоғанның сапарына дайындалып жатқанын, сапар жалпы келісілгенімен, сапардың нақты күні әлі белгіленбегенін айтты.

















