Еуропалық Одақ Ресейдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысынан екі жыл өткен соң осы елге қарсы экономикалық санкциялардың 13-ші пакетін қабылдады. Бұл туралы ЕО-тың ресми сайтында жарияланды.
Осы мәліметке сәйкес, мәлімдемеде одақтың Ресейдің әскери және қорғаныс саласына қатысты шектеу шараларын одан әрі күшейтіп жатқаны, санкциялардың үшінші елдердегі жабдықтарды жеткізетін жаңа ұйымдарға бағытталғаны айтылған.
Кеңес Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін немесе қауіп төндіретін әрекеттері үшін жауапты тағы 106 жеке және 88 заңды тұлғаға қатысты шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады.
Жаңа тізім ең алдымен, әскери секторға және онымен байланысты тұлғаларға, соның ішінде Солтүстік Кореяның Ресейге қару-жарақ сатуына қатысы бар тұлғаларға, сондай-ақ сот жүйесінің мүшелеріне, жергілікті саясаткерлерге және Украин балаларын заңсыз депортацияға жауапты адамдарға бағытталған.
ЕО Кеңесі Украинаға қарсы соғыста Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін тікелей қолдайтындар тізіміне 27 жаңа ұйым қосты. Бұл ұйымдардың кейбіреуі үшінші елдерде (Үндістан, Шри-Ланка, Қытай, Сербия, Қазақстан, Таиланд және Түркия) орналасқан және сауда шектеулерін айналып өтуге қатысқан, қалғаны – Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені үшін электрондық компоненттерді әзірлеумен, өндірумен және жеткізумен айналысатын ресейлік ұйымдар.
Айта кетейік, АҚШ президенті Джо Байден 23 ақпан күні Вашингтон Ресейге қарсы 500-ден астам жаңа санкция салатынын мәлімдеп, осы елге қарсы қысымды арттырды.
АҚШ жаңа санкцияларын Ресей Украинаға әскери шабуыл жасағаннан екі жыл уақыт өтуі және ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың түрмеде қаза болуымен байланыстырды.



















