Еуропа комиссиясының баспасөз хатшысы Анита Хиппер Иран төңірегінде ұстамдылық танытып, дипломатиялық талпыныстарды қайта бастауды сұрады.
Еуропа комиссиясының халықаралық істер бойынша баспасөз хатшысы Анита Хиппер қақтығыс шиеленіскен жағдайда Иран Американың Еуропадағы әскери нысандарына шабуыл жасайды деген хабарлар жарияланғаннан кейін барлық тарапты ұстамдылық танытуға шақырып, дипломатиялық талпыныстардың қайта басталуына мүдделілік танытты.
Анита Хиппер Комиссияның күнделікті баспасөз брифингінде Иран туралы сауалдарға жауап берді.
«Financial Times» басылымының «Иран АҚШ Президенті Дональд Трамп соғысты күшейткен жағдайда Американың Еуропадағы әскери нысандарына шабуыл жасау нұсқасын қарастырады» деген хабарынан кейін Хипперден: «Еуропа Одағы бұл қатерді байсалды әрі сенімді санай ма? Иранның Еуропада қауіп-қатер қалыптастыру ықтималдығына қатысты қандай да бір айғақтар байқалды ма?» — деп сұралды. Хиппер Еуропа Одағының сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың мұның алдында Иран тарапымен байланыста болғанын тілге тиек етіп, бұл тақырып бойынша ұсынатын жаңа ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Ол АҚШ Президентінің Иранға қарсы санкцияларды күшейту туралы жақында жасаған мәлімдемелеріне және Вашингтонның Иранның экономикалық қызметін шектеу аясындағы күш-жігерін басқа елдердің де қолдауын күтетініне қатысты қойылған сұраққа жауап беріп, Еуропалық Одақтың бұл бағытта болжам жасауға бармайтынын мәлімдеді.
Хиппер: «Біз барлық тарапты ұстамдылық танытуға және дипломатиялық күш-жігерлерін қайта жандандыруға шақырамыз», — деді.
Еуропалық комиссияның сыртқы байланыстар жөніндегі баспасөз хатшысы Еуроодақ тұрғысынан алғанда, проблемаларды тұрақты шешудің жалғыз жолы дипломатия арқылы ғана мүмкін болатынын баса айтып, аймақ елдерінің араағайындық жасау күш-жігерін де жоғары бағалайтынын қуаттады.

















