АҚХА Басқарушылар Кеңесінде Иранға қарсы қарар ұсынған Ұлыбритания, Франция және Германия сыртқы істер министрліктерінің саяси жетекшілері Женевада Иран Ислам Республикасының делегациясымен кездесуінен кейін Иранмен дипломатиялық келіссөздер жалғасатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, үш елдің жоғары лауазымды дипломаттары Х әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламада Ұлыбритания, Франция және Германияның саяси көшбасшылары жұма күні Женевада Иранның ядролық бағдарламасын, санкцияларды және екіжақты мәселелер мен аймақтағы жағдайды талқылау үшін Казем Ғарибабадимен кездескенін жазды.
Хабарламада: “Біз жақын арада дипломатиялық келіссөздерді жалғастыруға келістік”,- деп жазылған.
Иран Сыртқы істер министрлігінің құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади де Х парақшасында дәл осындай тақырыпта хабарлама жариялап: “Франция, Германия және Ұлыбританияның саяси көшбасшыларымен келіссөздердің кезекті кезеңі өтті. Кездесуде екіжақты, аймақтық және халықаралық оқиғалар, әсіресе ядролық бағдарлама мен санкцияларға қатысты мәселелер талқыланды”,- деді.
Сонымен қатар, Ғарибабади Иран Ислам Республикасының халықтың мүддесін қамтамасыз етуді берік ұстанатынын баса айтып: “Біз диалог пен өзара әрекеттесу жолын қалаймыз. Алдағы уақытта дипломатиялық келіссөздер жалғасады деп шешілді”,- деп баса айтты.
Иран Ислам Республикасының делегациясы бейсенбі күні Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі Бас хатшысының орынбасары Энрике Морамен де кездесіп, екіжақты және халықаралық бірқатар мәселені талқылады.

















