Қатар Премьер-министрі, Сыртқы істер министрі Мұхаммед бин Абдулрахман бин Джасим Әл Тани Дохада өткен баспасөз мәслихатында Газа секторында атысты тоқтату келісіміне қол жеткізілгенін ресми түрде жариялады.
Еуразия Тудейдің Tasnim ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қатар Премьер-министрі, Сыртқы істер министрі Мұхаммед бин Абдулрахман бин Джасим Әл Тани кеше түнде Дохада өткен баспасөз мәслихатында Газа секторында атысты тоқтату келісіміне қол қойылғанын жариялады.
Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Тани келісімнің жариялануына Қатар, Мысыр және АҚШ-тың ықпалдастық жасағанын айтып: «Біз мысырлық және америкалық серіктестерімізге атысты тоқтатуға жеткізген келіссөздерді ілгерілетудегі күш-жігерлері үшін алғыс айтамыз», — деді.
Катар Сыртқы істер министрі атысты тоқтату келісімінің алдағы жексенбіде жүзеге асырылатынын баса айтты.
Ол осы келісімге сәйкес, ХАМАС палестиналық тұтқындарды босатудың орнына израильдік 33 тұтқынды босататынын мәлімдеді.
Атысты тоқтату келісімінің орындалуына Қатар, Мысыр және АҚШ кепілдік етеді.
Келісімнің екінші және үшінші кезеңдерінің егжей-тегжейі келісімнің бірінші кезеңін жүзеге асыру аяқталғаннан кейін жарияланады.
Айта кетейік, атысты тоқтату және тұтқындармен алмасу келісіміне қол жеткізу жөніндегі келіссөздер Қатар мен Мысырдың арағайындығымен Дохада басталған болатын. ХАМАС пен Тель-Авив арасындағы бұл жанама келіссөздер бұрын Нетаньяхудың қасақана саботажы мен кедергісі салдарынан көп рет сәтсіз аяқталды.

















