Израиль армиясы алғаш рет Газа секторында төрт сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялады.
Израиль Газа секторында күн сайын 4 сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялауға келісті. Бұл уақытта бейбіт тұрғындар анклавтың солтүстігінен оңтүстігіне көше алады.
Алайда сектор аумағын шабуылдау әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Израиль ХАМАС кепілге алған азаматтар босағанда ғана оқ атуды доғаратынын ескертіп отыр.
Ақ үй әкімшілігінің мәлімдеуінше, Израиль үзіліс кезінде әскери операция жүргізбеуге уәде берген. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар Газада оқ атуды шұғыл тоқтатуды талап етіп жатыр.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.



















