Қазіргі күрделі геосаяси жағдай мен Иранға қарсы санкцияларға қарамастан Германияның он компаниясы Иранда заңды түрде жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Германияның ірі компанияларының қатарында химиялық, фармацевтикалық және тұтыну тауарларын шығаратын компаниялар бар. Дегенмен, қақтығыс бұл компаниялардың өз операцияларын қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін.
Die Welt басылымының мәліметінше, Иранда қалған компаниялардың арасында Persil, Pril және Schauma брендтеріне иелік ететін химиялық өнімдердің алпауыты Henkel де бар.
Алайда бұл компания Ирандағы өндірісі мен дистрибьюторлық қызметі және жұмысшылар саны мен одан түскен кіріс туралы мәліметтерді жариялаудан бас тартты.
Компания: «Henkel Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отыр. Жағдайдың ушығуы аймақ тұрғындарының қауіпсіздігіне және жалпы халықаралық қауымдастықтың тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді»,-деді.
Сонымен қатар, басқа неміс компаниялары да Ирандағы қызметі туралы ақпаратты жария етпеуді жөн көреді. Мысалы, BASF химиялық компаниясы Ирандағы сату көлемін немесе жұмысшылар санын жария етуден бас тартты. Дегенмен, компания Ирандағы бизнесінің ауыл шаруашылығы, фармацевтика, азық-түлік өңдеу, мал азығы, тұрмыстық және жеке күтім өнімдері сияқты гуманитарлық салалармен шектелетінін баса айтты.
АҚШ-тың 2019 жылы Иранға қарсы санкцияларын күшейтуі Германияның Тегеранмен саудасына едәуір әсер етті. 2019 жылы Иранға экспорт көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда шамамен 44 пайызға төмендеп, 1,5 миллиард еуроны құраған.

















