Gold Apollo компаниясы Ливанда жарылған пейджерлерді шығармағанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің Associated Press агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы тайваньдық Gold Apollo компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Су Цинкуан мәлімдеді.
Компания басшысының айтуы бойынша, пейджерлерді Gold Apollo брендін пайдалануға лицензиясы бар BAC компаниясы шығарған.
Су Цинкуан: «Өнімді біз шығармадық. Пейджерлерде бар болғаны біздің бренд жазылған»,- деді.
Бұған дейін Reuters агенттігі пейджерлерде Gold Apollo компаниясының белгісі жапсырылғанын жазған. Reuters дереккөзінің мәліметінше, операция бірнеше ай бойы дайындалған.
Пейджерлерге жарылғыш орнатылғанын анықтау өте қиын болғандықтан оны ешкім байқамаған. Дереккөздің мәліметі бойынша, арнайы код жолданған сәтте үш мың пейджер бір сәтте жарылған.
Сейсенбі, 17 қыркүйек күні Ливанда «Хезболла» тобы мүшелерінің бір-бірімен хабар алмасатын пейджерлері жарылып, 11 адам қаза тапты. 4 мыңнан астам адам жараланды, оның ішінде 400 адам ауыр жағдайда.
«Хезболла» Израиль бақылауынан аулақ болу үшін смартфондарды қолданудан бас тартып, оның орнына пейджерлерді қолданған.
Израиль мен Ливан арасындағы жағдай 2023 жылдың 8 қазанында Израиль Газа секторына жаппай шабуыл бастағаннан бері күшейе түсті.



















