Палестиналық ХАМАС қозғалысының делегациясы Газа секторына қатысты мәселелерді талқылау үшін Мысыр астанасына келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Халил әл-Хайя бастаған делегация сапар барысында Мысыр қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесулер өткізеді. Кездесу барысында Газа бойынша бейбіт жоспардың екінші кезеңіне өту мәселесі, соның ішінде секторды басқару жөніндегі комитет құру, келісімдегі гуманитарлық ережелер мен қауіпсіздік талаптарын іске асыру тетіктері талқыланып, Газа секторы мен Мысыр шекарасындағы Рафах бақылау-өткізу пунктінің жұмысын қайта бастау мәселесі қарастырылмақ.
Айта кетейік, Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджид әл-Ансари сейсенбі күні Доханың басқа да араағайын елдермен бірге Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңіне өту мәселесін талқылап, Газа секторы мен Мысыр арасындағы Рафах бақылау-өткізу пунктінің жұмысын қайта бастау және гуманитарлық көмек жеткізу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 9 қазан күні Мысырда өткен келіссөздер барысында Израиль мен ХАМАС қозғалысы Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісім жоспарының алғашқы кезеңін мақұлдағанын мәлімдеді.
Мысырда қол қойылған келісім Израиль үкіметінің мақұлдауымен 10 қазан күні күшіне енді. Алайда Израиль армиясы түрлі сылтаумен атысты тоқтату туралы келісімді бұзып, палестиналықтарға қарсы шабуылдарын жалғастырып келеді.



















