Палестинаның ХАМАС исламдық қарсыласу қозғалысы Колумбия Президентінің сионистік режимге көмір экспортына тыйым салу туралы шешімін құптады.
Еуразия Тудейдің Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, ХАМАС Колумбияның Израильмен байланысты үзудегі батыл ұстанымын бағалайтынын мәлімдеді.
Колумбия Президенті Густаво Петро Газадағы қақтығысты тоқтату үшін қысым жасау мақсатында Израильге көмір экспорттауға тыйым салатын жарлық шығарды. Густаво Петроның бұл жарлығы тамыздың 14 күні жарияланды.
Колумбия Израильге көмір жеткізуші ең ірі ел болып табылады. 2023 жылы Колумбия Израильге құны шамамен 450 миллион доллар болатын көмір экспорттады.
Колумбия көмірінің сапасы өте жоғары. Ел негізінен экспортқа шамамен 5 миллион тонна кокстелетін көмір өндіреді. Колумбия мен Израиль қарым-қатынасы Газа секторындағы қақтығысқа дейін жақсы болды. Тіпті, 2020 жылдан бастап екі ел арасындағы еркін сауда келісімі күшіне енді. Алайда, Газа секторындағы Израиль шабуылдарынан кейін Колумбияның Израильмен қатынасы күрт өзгерді.
Густаво Петро Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп атап, мамыр айының басында Колумбияның Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін мәлімдеді.
Колумбияның сионистік режиммен дипломатиялық қарым-қатынасы үзілгеннен кейін Израиль елшісі Гали Даган Колумбиядан кетті. Сондай-ақ, Колумбияның Тель-Авивтегі елшісі Маргаритa Манхарес маусым айының соңында дипломатиялық миссиясын аяқтап, еліне оралды. ХАМАС Колумбияның батыл ұстанымынан кейін барлық елдерді Тель-Авивке қарсы санкция салуға және сионистік режиммен байланысты үзуге шақырды.



















