Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеи Палестина мәселесі мұсылман әлемі үшін әлі де бірінші кезектегі мәселе екенін айтты.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеи Парламент депутаттарымен кездесуінде мәлімдеді.
Хаменеи кездесу барысында: «Біз бәріміз Иранның сайланған президентіне міндеттерін орындауда қол ұшын беруіміз керек. Жаңа сайланған Президенттің елді басқарудағы жетістігі біздің жеңісіміз екеніне шын жүректен сенуіміз керек», — деді.
Аятолла Әли Хаменеи Парламенттің елді басқарудағы рөлі мен Палестина мәселесіне тоқталып: «Палестина мәселесі мұсылман әлемі үшін әлі де бірінші кезектегі мәселе болып табылады. Сол себепті де Иран Парламенті бұл мәселе бойынша сабырлы болмауы керек»,- деді.
Иранның рухани жетекшісі сионистік режимнің Газадағы мақсаттарына жете алмайтынын атап: «Қарсыласу күші күн өткен сайын өзін дәлелдеп келеді. Сионистік режимді қолдайтын АҚШ сияқты әскери, саяси және экономикалық держава да қарсыласу тобымен күрессе де оларды құлата алмайды»,- деп баса айтты.
Хаменеи Газадағы сионистік режимнің қылмыстарын айыптап: «Сионистер ХАМАС пен қарсыласу күштерін тізе бүктіре алмағандықтан, мектептер, ауруханалар, балалар мен әйелдерді бомбалауда», -деді.



















