Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығында тікұшақ апатында көз жұмған Иран Президенті Ибраһим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің қазасына байланысты Көңіл айту кітабы ашылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Ибраһим Раисидің, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһианның және серіктерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты ҚР СІМ Алматы қаласындағы Өкілдік басшысының міндетін атқарушы, Ғылым Академиясының Президенті, Алматы қаласындағы шетелдік дипломаттар, ЖОО басшылары, ҚР Ұлттық кітапхана директоры мен кітапхана қызметкерлері және ирантанушылар Көңіл айту кітабына жазбалар қалдырды.
Алматы қаласындағы Иран елінің Бас консулдығына көңіл айтып келушілер Иран Ислам Республикасының Президенті Ибраһим Раисидің кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарды үлкен өкінішпен қабылдағанын жеткізіп, Иран халқының қайғысына ортақтығын білдірді.
ИИР-ның Алматыдағы Бас консулдығында Көңіл айту кітабы 22 мамырда ашылды.
Иран халқының орны толмас қайғысына ортақтасып шетелдегі Иран Ислам Республикасының барлық дипломатиялық өкілдіктерінде Көңіл айту кітаптары ашылды.
Иран Президенті Ибраһим Раиси, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан және басқа да шенеуніктер мінген тікұшақ 19 мамыр күні Әзірбайжанмен шекаралас аймақта апатқа ұшырады.
20 мамыр күні таңертең Иран вице-президенті Мохсен Мансури Ибраһим Раиси мен оның жанында болған ресми тұлғалардың тікұшақ апатынан қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.
Иранда қайғылы оқиғаға байланысты бес күндік жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Иранда марқұмдармен қоштасу рәсімі бірнеше қалада жүз мыңдаған адамның қатысуымен өтті. Иран Президенті Ибраһим Раисидің денесі кеше, 23 мамыр күні туған жері Мешһед қаласында жер қойнына тапсырылды. Президенттің денесі имам Реза кесенесіне қойылды.
















