Канаданың Монреаль қаласында 2024 жылғы 26 тамызда ИКАО-да Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі ашылды.
Еуразия Тудейдің ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша ИКАО-да Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі ашылу рәсіміне ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев, ИКАО Кеңесінің Президенті, ИКАО Бас хатшысы және ИКАО-ға мүше елдердің авиациялық билік басшылары қатысты.
Қазақстанның ИКАО-да Тұрақты өкілдігінің болуы азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту және ұшу қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ұйыммен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан – ИКАО-да Тұрақты өкілдігі бар Орталық Азиядағы алғашқы ел.
Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Оның құрамына 193 ел кіреді. Ұйым Азаматтық авиацияның халықаралық нормаларын айқындайды және ұшу қауіпсіздігін арттыру аясында жұмыс атқарады.

















