Ирак Таяу Шығыстағы мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру мақсатында Иран мен Сауд Арабиясының қатысуымен бірыңғай үйлестіру кеңесін құруды ұсынды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ирактың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Қасем әл-Араджи мемлекеттік Al Iraqiya телеарнасына берген сұхбатында бұл бастама Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы сенім дағдарысын еңсеруге бағытталғанын мәлімдеді.
Қасем әл-Араджидің айтуы бойынша, ұсынылып отырған кеңес аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін үйлестіруге және Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда Ирактың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі бастаманың нақты тетіктері мен жұмыс тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірмеді.
Иран мен Сауд Арабиясы әзірше Бағдаттың бұл ұсынысына қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Сонымен қатар, Ирактағы ішкі қауіпсіздік мәселесіне тоқталған әл-Араджи АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштерінің 30 қыркүйекке жоспарланған шығарылуы елдегі қару-жарақты кезең-кезеңімен толығымен мемлекет бақылауына берудің бастапқы қадамы болатынын атап айтты.


















